Жаңалықтар

ҚЫМБАТТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

ҚЫМБАТТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!
IMG-20230227-WA0028.jpg
Біз өміріміздің бақуатты әрі қауіпсіз болғанын қалаймыз. Балаларымыздың жарқын болашағы үшін алға ұмтыламыз. Бәріміз жеке құқығымыз бен бостандығымыз үшін күресеміз. Баршамыз елімізді жақсы көреміз және оның гүлденуін тілейміз.
Біздің қам-қарекетіміз бен арман-мақсатымыз бір. Отанымыз – баршамызға ортақ!
Біз – Қазақстан халқымыз. «АМАNАТ» партиясы – халықтың партиясы, Қазақстан халқының үні. Бүгінде ол – бүкіл елмен бірге жаңғырып жатқан жаңа партия.
Біз сайлауға түйткілді мәселемізді шешетін, өмірімізді жақсартатын бағдарламамен түсеміз. Бұл бағдарламаның авторы – бізден көмек сұраған, ұсыныс-тілектерін айтқан бүкіл халық.
Бұл – біздің болашақтан күтетін үмітіміз. Бұл – ауыл тұрғыны мен жұмысшы, мұғалім мен дәрігер, кенші мен мұнайшы, кәсіпкер мен мемлекеттік қызметкер, зейнеткер мен көпбалалы ана, такси жүргізушісі мен жеткізу қызметшісі, студент пен жұмыссыздың, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған адамдардың бізге артқан 200 мыңнан астам аманатынан тұратын бағдарлама.
Біз бірлесіп әрбір қала, аудан, ауылдағы әр отбасының өмірін жақсартатын жүйелі іс-шаралар жоспарын жасадық.
Бұл бағдарламадан әр адам әл-ауқат пен жұмыс, жалақы мен азық- түліктің қолайлы бағасы, сапалы медицина мен білім, жеке баспана мен әлеуметтік қамсыздандыру, ауылды дамыту мен қала инфрақұрылымы, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау туралы сұрақтарға жауап таба алады.
Алдағы бес жылда біз көп іс тындыруымыз керек! Барлық күрмеулі мәселені шешетін уақыт жетті. Біз қоғам өмірінде әділдіктің орнауын мақсат етеміз! Демократия, әділдік пен тәртіп, жаңа әрі тең мүмкіндіктер қоғамның негізгі қағидаттарына айналады. Бізде бұған қажет ресурстың барлығы бар – жаңаша ойлайтын адамдар, тың идеялар, соны көзқарастар.
Біз Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру бағытын бірауыздан қолдаймыз. Біз үшін бұл абыройлы әрі қол жеткізуге болатын мақсат.
Жаңа Мәжіліс үні еліміздің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған азаматтың дауысына айналады. Біз осынау халықтық бағдарламаны Үкіметтің іске асыруын қадағалаймыз және халыққа есеп беруін талап етеміз.
Әділетті Қазақстанда тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз! #аманат