Компания жаңалықтары

Спартакиада жалғасуда: «Астана Су Арнасы» жаңа жеңістерге ұмтылуда

Астана қаласындағы коммуналдық қызмет мекемелері арасында өтіп жатқан Спартакиадада волейбол турнирі өз мәресіне жетті. «Астана Су Арнасының» командасы соңғы сайыстарда жақсы ойын көрсеткенімен үздік үштіктің қатарына іліге алмады. 


Спартакиаданың келесі кезеңі футзал ойындары да басталды. Алғашқы ойында «Астана Су Арнасы» мен «Астана Энергия» құрама командалары бақ сынасты. Тартысты ойынның бірінші таймы 2:1 есебімен қарсылас команданың еншісінде қалды. Жанкүйерлердің бар үміті екінші таймда еді. Әйткенмен соңғы минуттарға дейін сақталған қызу атмосфера, жанкүйерлердің қолдауы  біздің команданың жеңіске жетуіне сеп бола алмады. Нәтижесінде 4:3 есебімен «Астана Энергия»  командасы сәл ғана басымдылықпен жеңіске жетті. 


Дегенмен осыған бола көңіл түсірудің қажеті жоқ. Себебі алда әлі бес ойын күтіп тұр. Және жеңіс тұғырынан көрінетін мүмкіндігіміз бар деп санаймыз. 


Еске сала кетейік, желтоқсан айының он төртінші жұлдызына дейін қол күрес, шахмат, бильярд сынды ойын түрлерінен сайыстар өтеді. Және марапаттау рәсімінде бір емес бірнеше жүлдені қанжығамызға байлаймыз деген үміттеміз! Сол себепті әріптестерімізге тек сәттілік тілейміз!