Компания жаңалықтары

«Астана Су Арнасында» конституциялық реформаны талқылау

Бүгін, «Астана Су Арнасы» ШЖҚ МКК-да еліміз үшін маңызды саяси оқиға – конституциялық реформа жобасын талқылауға арналған сарапшылық кездесу өтті. Іс-шараға кәсіпорын ұжымымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары мен Астана қаласы мәслихатының өкілдері арнайы қатысты.

 Кездесудің басты спикерлері ретінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Геннадий Геннадиевич Шиповских пен Андрей Иванович Лукин, сондай-ақ, Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Ләззат Мұратқызы Разбекова сөз сөйледі.

Күн тәртібінің негізгі өзегі – Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мән-маңызын тереңінен түсіндіру болды. Халық қалаулылары ұсынылып отырған түзетулердің еліміздің саяси жүйесін жетілдіруге, қоғамды демократияландыру үдерісін тереңдетуге және әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға тигізетін әсеріне жан-жақты тоқталды.

 Бұл реформа – әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарына негізделген Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам екендігі ерекше атап өтілді.

Ашық пікір алмасу форматында өткен жиында «Астана Су Арнасы» қызметкерлері алдағы референдумға және заң жобасының мазмұнына қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Депутаттар әрбір қазақстандық үшін болып жатқан өзгерістердің түпкі мәнін түсінудің маңыздылығын баса айтты.

Кездесу соңында құрметті қонақтар кәсіпорын ұжымын жоғары азаматтық белсенділік танытып, алдағы бүкілхалықтық дауыс беруге бір кісідей қатысуға шақырды. Олар елорданың тіршілігін қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызды кәсіпорынның әрбір қызметкерінің дауысы мемлекетіміздің болашақ даму векторын айқындауда шешуші рөл атқаратынын жеткізді.