Халыққа жаңалықтар

Кәрізге аққан су қайда кетеді?

Кәріз суларының тазарту процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қаладан келген сулар механикалық торлардан өтеді. Бұл жерде көлемі 6 мм-ден асатын қоқыс қалдықтары ұсталып, бункерге жиналады және полигонға шығарылады. Содан кейін су құм ұстағыштарға түсіп, құм сұйықтықтан бөлініп, арнайы бункерлерге жинақталады.

Келесі кезеңде су алғашқы тұндыру процесінен өтеді, онда тұнба сорғылар арқылы сығымдау цехына жеткізіледі. Негізгі тазарту процесі биологиялық болып табылады. Бұл бетонды резервуарларда жүзеге асырылады. Мұнда микроағзалар органикалық қосылыстарды тазартады. Биологиялық тазартудан кейін су екіншілік тұндырғыштарға түсіп, 2,5 сағат тұнған соң иісі мен түсі жойылады.

Судың сапасын одан әрі жақсарту үшін физика-химиялық тазарту қолданылады. Бұл процесс кезінде су 32 фотофильтрден өтеді. Флотация және фильтрация арқылы қалдықтар судың бетіне қалқып шығып, кварц құмы арқылы сүзіледі. Соңында ультракүлгін сәулелері арқылы тазартылады. Мұнда 36 ультракүлгін лампасы арқылы микроағзалар, бактериялар және вирустар толық жойылады. Нәтижесінде тзартылған су Есіл өзеніне құйылады.