Халыққа жаңалықтар

«Астана су арнасы» ұжымына жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

«Астана су арнасы» мекемесінде Жалпыұлттық коалиция өкілдерімен маңызды кездесу өтті. Жиынға кәсіпорынның еңбек ұжымы қатысып, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен алдағы саяси өзгерістер туралы ақпарат алды. Кездесу барысында Жалпыұлттық коалиция атынан келген спикерлер – Мирас Шекенов, Юсуп Келигов және Бибігүл Искакова Конституциялық реформаның мазмұнына кеңінен тоқталды. Олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты жаңа нормаларды түсіндіріп, алдағы референдумның мемлекет дамуындағы тарихи рөлін жеткізді. Кәсіпорын қызметкерлері Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен реформалар жайлы баяндамаларды мұқият тыңдап, маңызды мәліметтермен танысты. Жиында Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Олжабек Бейсов сөз сөйлеп, мекеме қызметкерлерінің қала өміріндегі өлшеусіз еңбегіне жоғары баға берді. Олжабек Абайұлы: «Біз елордамызды ауадан кейінгі ең басты қажеттілік – сумен қамтамасыз етіп отырған ұжыммен мақтанамыз», – деп, коммуналдық сала мамандарының қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Кездесуді «Астана су арнасы» МКК Бас директорының бірінші орынбасары Шәріпов Ержан Ғалымжанұлы қорытындылады. Ол елорданың тіршілігін қамтамасыз етіп отырған коммуналдық сала қызметкерлері үшін ел тағдыры шешілетін сәтте белсенді азаматтық ұстаным танытудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, келген қонақтарға мазмұнды ақпарат пен жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізгені үшін еңбек ұжымының атынан алғыс білдірді.