Астанада тариф мәселелері талқыланды
Астанада мораторий аяқталғаннан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тарифтік саясатты өзгерту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық қауымдастықтар мен сарапшылар қатысты. Негізгі спикерлер ретінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Косымбаев, сондай-ақ энергетика, ТКШ саласы және профильдік бірлестіктердің өкілдері сөз сөйледі. Су саласының ұстанымын Қазақстан су қауымдастығының төрағасы Зейнұлқабден Табиғат Қабденұлы таныстырды. Талқылау барысында қолданыстағы мораторий инфляцияны тежеуде және халыққа түсетін жүктемені азайтуда маңызды рөл атқарғаны атап өтілді. Сонымен қатар, бұл шараның уақытша сипатта болғаны және саланың жүйелі мәселелерін толық шешпейтіні айтылды. Сарапшылар коммуналдық сектордағы негізгі мәселелерге назар аударды: қолданыстағы тарифтер көбінесе кәсіпорындардың пайдалану және инвестициялық шығындарын жаппайды, білікті кадрлар тапшылығы сақталуда, ал жалақы деңгейі төмен күйінде қалып отыр. Осыған байланысты тарифтік тетіктерді жетілдіру және кәсіпорындардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейту, оның ішінде қосымша қызмет түрлері есебінен арттыру қажеттігі талқыланды. Сондай-ақ мораторий аяқталғаннан кейін тарифтік саясатты кезең-кезеңімен, күрт өсімдерсіз, мәселенің әлеуметтік маңызын ескере отырып жүзеге асыру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Басым бағыттар ретінде реттеудің ашықтығы, инфрақұрылымды жаңғырту және коммуналдық қызметтердің халық үшін қолжетімділігін сақтау белгіленді. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар тариф қалыптастыру саласындағы алдағы саясат теңгерімді болуы тиіс деген ортақ пікірге келді: ол инфрақұрылымды жаңартуды қамтамасыз етіп, кәсіпорындардың тұрақтылығын қолдауы және сонымен қатар азаматтарды атаулы әлеуметтік қорғау шараларын қарастыруы қажет.